Қазақстандық бітімгерлер БҰҰ бюджетінен ай сайын 1 448 доллар алады

Голан жоталарына 139 әскер жіберіледі
Sputnik
АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде Голан жоталарындағы бөлінген жерлерге бітімгерлік контингентті жіберу үшін Қазақстан үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.
Қазақстанның Қорғаныс министрлігі біздің бітімгерлер БҰҰ миссиясының мандатына сәйкес қарсылас тараптар арасында атысты тоқтату режимін сақтау міндеттерін орындайтынын еске салды.
Миссияны орындау үшін қазақстандық әскери қызметшілер БҰҰ-ның талаптары мен стандарттарына сәйкес мұқият іріктеуден және даярлықтан өтті. Кешенді алты айлық дайындық Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында ұйымдастырылды. Әскери қызметшілерді оқытуға бітімгерлік операциялар, минадан тазарту және әскери медицина орталықтарының нұсқаушылар құрамы қатысты.
Қазақстандық контингенттің құрамында 139 әскери қызметші бар.
Контингентте жауынгерлік модульдермен жабдықталған брондалған дөңгелекті машиналар, сондай-ақ күнделікті тіршілікке қажетті жабдықтар бар. Оларды қамтамасыз етуге камаздар, жол талғамайтын автомобильдер және инженерлік мүлік бар. Жаралыларды эвакуациялауға берілген машиналардың бірі оттегі аппаратымен, дефибриллятормен, дәрі-дәрмектермен және басқа да медициналық жабдықтармен жабдықталған.
"Миссиядан өту кезінде бітімгерлік контингентінің әскери қызметшілеріне ай сайын үш еселенген жалақы төленеді. Бұдан өзге, БҰҰ бюджетінен олар ай сайын 1448 доллардан аса қаражат алады", - деп жазылған хабарламада.
Миссияда қызмет аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер шипажайларда емделе алады және негізгі демалысқа жыл сайын қосымша 14 тәулік қосылады.
Тұтастай алғанда, Қазақстанның Қарулы күштері бітімгерлік миссияларға әскери бақылаушылар мен штаб офицерлері ретінде жекелеген әскери қызметшілерді де, сондай-ақ жаяу әскер, медициналық, барлау, инженерлік сияқты неғұрлым талап етілетін мамандандырылған бөлімшелерді де жіберуге дайын.
Он алты жыл ішінде 600-ден астам қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Азия, Таяу Шығыс және Африка елдеріндегі жеті бітімгерлік миссиясына қатысты. Қазір 19 қазақстандық әскери қызметші БҰҰ-ның Ливан Республикасындағы, Батыс Сахарадағы, Конго Демократиялық Республикасындағы және Орталық Африка Республикасындағы бітімгерлік миссияларының құрамында қызмет етіп жүр.