АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп ғибадат ету орны емес, білім мен тәрбие ошағы екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері мектептерге намазхана бөлмесі қажет пе деген сұрақ қойды.
"Мектеп, ең алдымен, білім мен тәрбиенің ошағы. Сондықтан ұстаздарымыз мектепті міндетті түрде балаларға білім беруге бағыттауы керек. Бұл жайлы біз үнемі айтып жүрміз. Бұл ұстанымымыздан тайған жоқпыз. Сол себепті басқа мәселелерді көтерудің қажеті жоқ", - деді Бейсембаев.
Министр мектепте діни жораларды өткізуге тыйым салынғанын еске салды.
"Бұл әр мектептің ішкі тәртіп ережесінде жазылған және министрліктің бұйрығымен реттеледі. Бірақ мұндай жағдай болған, біз қазір тексеріп жатырмыз. Әзірге қай өңірде және қай мектепте екені белгісіз. Анықталғаннан кейін тиісті шаралар қабылданады", - деді ведомство басшысы.
Бұған дейін желіде мектеп оқушыларының сабақ уақытында намаз оқып жатқаны туралы видео тараған еді. Оқиға қай мектепте болғаны нақтыланбаған.