АСТАНА, 20 ақпан – Sputnik. Премьер-министр Олжас Бектенов "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында бой көтеретін мектептердің құрылысын мерзімінде аяқтап, сапасын ақсатпауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыруда белгілі бір шикіліктер бар. Үкіметтің кеңейтілген отырысында президент ұлттық жобаны іске асыру барысын, әсіресе жер учаскелерін бөлу және жобалық құжаттаманы кешіктіру мәселелерін әділ сынға алды. Үкіметке барлық проблеманы тез арада жоюды тапсырды. "Самұрық-Қазына" қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмай отыр", - деді Бектенов үкімет отырысында.
Айтуынша, жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді.
"Өңір әкімдері тарапынан болып жатқан формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне әкеп соқтыруда. Сондықтан объектілер уақытында тапсырылмай қала ма деген қауіп те жоқ емес", - дейді премьер.
Бектенов құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тартуды тапсырды.
"Әрбір басшының тікелей есіне саламын – жайлы мектептердің құрылысы үкіметтің қатаң бақылауында болады. Әріптестер, мемлекет басшысының жаңа форматтағы мектептер салу туралы тапсырмасын орындау үшін біз бар күшімізді жұмылдырып, тез қимылдауымыз керек. Осыған байланысты аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органнан нақты іс-қимыл талап етемін", - деді Бектенов.
Үкімет басшысы "Самұрық-Қазына" қорына 1 қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды. Айтуынша, мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Бірақ жұмыстардың сапасы да ақсамауға тиіс.
Сондай-ақ 15 мамырға дейін барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтау қажет.
"Өңір әкімдері 15 наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблеманы шешуі тиіс. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1 тамызға дейін аяқтау қажет. Астана және Алматы әкімдері 15 желтоқсанға дейін инвесторлардан сатып алынатын 9 мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз етсін", - деп мәлімдеді премьер-министр.
Бұдан бөлек, цифрландыру министрлігіне мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету тапсырылды.
Оқушылардың қауіпсіздігі де назардан тыс қалмады.
"Біз ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз. Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады", - деп ескертті Бектенов.