АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. "Болашақ ойындары" атты бірінші халықаралық мультиспорт турниріне 50-ге жуық қазақстандық қатысады, деп хабарлайды туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.
Туризм министрлігінің мәліметінше, 48 қазақстандық киберспортшы 13 спорт түрінен жарысқа қатысады: фиджитал-футбол, фиджитал-хоккей, фиджитал-жарыс, фиджитал-велоспорт, дрондар жарысы, Dota 2, Counter Strike 2, Warface, Standoff 2, спорттық бағдарламалау, роботтар шайқасы, танктер әлемі, Speedrun.
"Олардың 37-сі Қазақстан атынан 8 спорт түрінен бақ сынасады. Жарыс тұжырымдамасы бойынша 11 қазақстандық шет мемлекеттердің командалары құрамында 5 ойын түрі бойынша өнер көрсетеді", - делінген хабарламада.
"Болашақ ойындарының" жүлде қоры 900 миллион рубльден асады – шамамен 4,5 миллиард теңге. Қатысушылардың ұшу, баспана, тамақтану және трансфер шығындары ұйымдастырушылардың есебінен жүргізіледі.
Ойындарға әртүрлі елдерден 260-тан астам команда мен 2000 спортшы қатысады.
"Болашақ ойындары" – бұл фиджитал-спорт форматындағы жарыстар (физикалық және цифрлық өлшемдегі спорт түрлерінің жиынтығы), қатысудың клубтық форматы бар және қатысушы елдердің құрама командаларының қатысуын көздемейді. Қатысушылар спорт, тактика, стратегия, жылдамдық және технология бойынша 5 санат бойынша сынға түседі.
Ойындар 19 ақпан мен 3 наурыз аралығында Қазан қаласында өтеді.
Сонымен қатар, Ресейдің спорт министрлігінің мәліметінше, Қазақстанға 2025 немесе 2026 жылы "Болашақ ойындарын" өткізу ұсынылды.