Қазақстан мен Өзбекстан тауар айналымын 10 млрд долларға дейін жеткізеді

Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Астанада ресми сапармен жүр
Sputnik
АСТАНА, 19 ақпан – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстан екіжақты сауда көлемін 10 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Астанаға ресми сапармен келді
Ол Қазақстан Өзбекстанның үштікке кіретін ең ірі сауда серіктестерінің бірі екенін атап өтті.

"Соңғы жылдары екі жақты сауда көлемі тұрақты түрде 4 млрд доллардан асып түсуде. Өнеркәсіптік кооперация саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізілді. Қазір жалпы құны 156 млн долларды құрайтын 12 бірлескен жоба іске қосылды. Оған қоса құны 1 млрд долларды құрайтын жаңа 21 жобаны қарастырып жатырмыз. Алдағы белестердің бірі – екіжақты тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізбекпіз", - деді Нұртілеу БАҚ-қа арналған бірлескен мәлімдемеде.

Министр Өзбекстанмен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету перспективалары ортаға салынғанын айтты. Осы тұста сауда, өнеркәсіп, су, көлік және логистика салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланып жатыр.
Айта кетері, бүгін Өзбекстан сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов Астанаға ресми сапармен келді. Саидов премьер-министрдің орынбасары – сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен екіжақты келіссөз өткізді. Сапар бағдарламасына сәйкес Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу де жоспарланған.