АСТАНА, 18 ақпан – Sputnik. Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері қала мектептерінде теракт жасалатыны туралы айтқан анонимді Telegram арнасының авторын іздестіріп жатыр, деп хабарлады Петропавл.news.
Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысында әлеуметтік желілер мен чаттарда Петропавлдағы мектептерге шабуыл дайындалып жатқаны туралы хабарлама пайда болған. Хабарламада 19 ақпанда қаладағы жеті мектепте теракті жоспарланғаны айтылған.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі полицияның мектептерге шабуыл жасау қаупіне қатысты тексеру жүргізіп жатқанын және білім беру ұйымдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қауіпсіздікті күшейту бойынша қажетті шаралар қабылданып жатқанын хабарлады.
"Полицияға қалалық мектеп оқушыларына қауіп төнгені жайлы хабарлаған анонимді Telegram арнасы туралы ақпарат түсті. Осы жазбалардың авторы мен мазмұнын тексеруге облыстық және қалалық полицияның жедел қызметтері мен мамандандырылған бөлімшелерінің қызметкерлері жұмылдырылды. Мәселе полиция департаменті басшылығының жеке бақылауында", - деп түсіндірді департамент.
Полиция ықтимал терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау 5000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бес жылға бас бостандығынан айыруға немесе шектеуге әкеп соғатынын еске салды.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай хабарламалар бұған дейін Қазақстанның басқа қалаларында да тараған. Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды, Қостанай қалаларының тұрғындарын үрейде ұстады. Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар мектептерінде лаңкестік әрекеттер қаупіне ТМД-ның басқа елдерінің тұрғындары қатысқанын анықтады.
Жалпы өткен жылы полиция терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау фактісі бойынша 215 қылмыстық іс қозғады. 43 тұлға анықталды, оның 19-ы кәмелетке толмағандар, 7 адам сотталған, оның ішінде 2 кәмелетке толмаған бала бар.