АСТАНА, 17 ақпан – Sputnik. Қазақстан астанасында алғашқы SOVA камерасы орнатылып, сынақ режимінде жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды "Астана тұрақ кеңістігі".
Бұл камера жол ережесін бұзудың 20-дан астам түрін, соның ішінде заңсыз тұрақ пен көліктің заңсыз тоқтауын да жаза алатыны хабарланды.
SOVA – жол қозғалысы ережелерін бұзудың алуан түрін бақылайтын және оларды бірден тіркейтін интеллектуалды мониторинг жүйелерінің камерасы. Ақылды жабдық тәулік бойы жұмыс істейді, тіпті қараңғыда да заңбұзушылықтарды анықтайды және кузовтың кішкене бөлігінен-ақ көліктің түрін анықтай алады.
Бұл ақпарат жасанды интеллект пен машиналық көру технологияларын қолдана отырып өңдейтін интеллектуалды платформаға беріледі.
Алынған ақпарат автоматты түрде құқық қорғау органдарына жіберіледі.
Алғашқы SOVA камерасы қайда орнатылды
Алғашқы SOVA фото-бейнежазба камерасы Астанада Қабанбай батыр даңғылы бойындағы автотұрақ аумағында орнатылды.
Қазір ол сынақ режимінде жұмыс істейді. Жаңа жабдықты қала билігі мақұлдаса, елордадағы коммуналдық автотұрақтардың қозғалыс өте көп жерлерінде де осындай камералар пайда болады.
SOVA камерасы не істей алады
"Ережені бұза отырып қойылған бір көлік бүкіл қозғалысты ұзақ уақытқа бөгеп тастауы мүмкін", - дейді "Астана тұрақ кеңістігі" директоры Шыңғыс Досыбаев. – Мұндай заңбұзушылықтарды онлайн режимде анықтау көліктерді заңсыз тоқтату немесе тұраққа қою санын азайтуға және қала көшелеріндегі көлік өткізу қабілетін ұлғайтуға мүмкіндік береді".
Сонымен қатар, SOVA камерасы жол белгілерінің жағдайын бақылайды және қала көшелеріндегі кептеліс пен көлік тұрақтары туралы статистикалық ақпаратты жинайды.
Камералар көшенің цифрлық үлгісін көріп, көліктің белгілі бір бөліктерін басқа заттар уақытша жасырып тұрса да анықтайды.
Фото және бейнежазба камераларының техникалық жағдайын "Астана тұрақ кеңістігі" компаниясының мамандары қадағалайды.