АЛМАТЫ, 16 ақпан – Sputnik. Отандық мұнай өңдеу зауыттары Jet A-1 авиаотынын өндіруге дайын, деп хабарлайды энергетика министрлігі.
Астана және Алматы халықаралық әуежайларының алаңдарында Jet A-1 авиаотынын пайдалану мәселелері талқыланды.
Кездесулерге халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA), швейцариялық SGS зертханасының (сараптама және сертификаттау саласында әлемдегі көшбасшы, "ҚазМұнайГаз" зауыттарында зертханалары бар), сондай-ақ JIG (Joint Inspection Group) халықаралық қауымдастығының сарапшылары қатысты.
"Қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары жаңғыртудан кейін 2020-2023 жылдары ТС-1 авиаотын өндіруді жылына 438,2 мың тоннадан 624 мың тоннаға дейін ұлғайтты. Қазіргі уақытта жаңғыртылған Атырау, Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттары айына 50-55 мың тонна көлемінде ТС-1/РТ орнына Jet-A1 шығаруға дайын", - деді энергетика министрлігі мұнайды тасымалдау және мұнай өңдеу департаментінің директоры Дәулет Арықбаев.
Тасымалдау және тұтыну инфрақұрылымы дайын болған жағдайда мұнай өңдеу зауыттары Jet-A1 өндірісіне кезең-кезеңімен көше бастайды.
Көлік министрлігі осыған дейін әуежайлардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып, Jet A-1 жанармайына біртіндеп ауысу туралы шешім қабылдаған болатын. Алматы әуежайы өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын жанармай құю кешенін жаңғыртып жатыр және 2024 жылдың маусымына қарай ASTM D1655 әлемдік стандартына сай шығарылатын авиаотынды пайдалануға толық көшуді жоспарлап отыр.
"ҚазМұнайГаз" өкілдері мұнай өңдеу зауыттарының 70-тен астам елде қолданылатын халықаралық Jet A-1 маркалы авиаотынын шығаруға дайын екенін атап өтті. "ҚазМұнайГаз" сарапшылары Jet A-1 авиаотынын өндіру үшін зауыттың тиісті қуатын толық қайта өзгерту керек деп түсіндірді, өйткені зауыттар екі отын түрін, яғни ТС-1 маркасын қатар шығара алмайды.