Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы салынады

Құрылыс жұмыстары биыл басталады, ал орталық 2027 жылдың бірінші жартыжылдығында ашылады
Sputnik
АСТАНА, 16 ақпан — Sputnik. Өзбекстан тарапынан "Гүлистан" және Қазақстан тарапынан "Атамекен" халықаралық өткізу пункттерінде екі елдің шекара аумағында биыл "Орталық Азия" халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құрылысы басталады, деп хабарлайды сауда министрлігінің баспасөз қызметі.
Жұмыс тобының отырысына қатысушыларға қазақстандық инвестор – "TCL gr." ЖШС ұсынылды, ол 7 ақпанда конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша анықталды.
"Инвестор Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп өнеркәсіптік кооперация орталығын дамыту тұжырымдамасын әзірледі және нысанның құрылысын биыл бастауды жоспарлап отыр. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде", - делінген хабарламада.
Кеңес қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстанның іргелес облыстары әкімдерінің орынбасарлары "Орталық Азия" өнеркәсіптік кооперация орталығын жедел құру жөніндегі жол картасына қол қойды. Сондай-ақ қазақстандық "TCL gr." ЖШС мен Global Textile өзбек компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл – дайын тоқыма өнімдерін өндіруге бағытталған халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының алғашқы инвестициялық жобасы.
Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың айтуынша, өнеркәсіптік кооперация орталығын техникалық іске қосу 2026 жылдың 4 тоқсанына, ресми ашылуы 2027 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған.
Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын құру шекара маңындағы елдермен сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді, екі елдің өндірушілері мен кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды жандандырады және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының өсуін ынталандырады.