АСТАНА, 16 ақпан – Sputnik. Алматы облысында кәмелетке толмаған балаларды ұрып, пышақпен қорқытқан күдікті іздестіріліп жатыр. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Аленов мәлімдеді.
"Кәмелетке толмағандарға шабуыл жасаған әрекет туралы арыз бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті анықталды. Оны құрықтау бойынша қажетті іс-шаралар қабылдануда", - деп жазды Аленов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Осы факті бойынша облыстың барлық аудандық бөлімшесі мен өңірлік полиция органдарына хабар берілді.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тараған. Зардап шеккен балалардың айтуынша, белгісіз біреу терезені сындырып үйге кірген. Сосын балаларды ұрып, аяқ-қолын байлап, пышақпен қорқытқан. Балалардың жылағанын естіген көршілері көмекке жүгірген.