АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың иелігіндегі мүліктің құны 20 миллион доллар екенін оның өзі әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Жапаровтың айтуынша, ол бұл мүлікті заңдастыру үшін мемлекетке 1 миллион сом (1 АҚШ доллары = 89,43 қырғыз сомы) төлеген.
"Менің шетелде жинақтарым жоқ, егер болса, мен оларды банктерге салар едім. Мен өзгелерге үлгі болғым келді және бірінші болып өз мүлкімді заңдастырдым", - деп сендірді президент.
Қырғызстанның мемлекет басшысы Бішкектегі Ибраимов көшесі, 96 үй мекен жайындағы ғимаратқа иелік ететінін айтты.
"Бұл ғимараттың құрылысын 2005 жылы бастап, 2010 жылы аяқтадық. Сәуір төңкерісінен кейін ол "Ата-Жұрт" партиясының штаб-пәтері ретінде пайдаланылды. Оппозицияда болғанымыз үшін қудалауға қарамастан, жер мен ғимаратқа салықты үнемі төлеп отырдық. 2020 жылы президент сайлауы кезінде ғимаратты штаб ретінде пайдаландым. Содан бері ол толықтай жұмыс істеп тұр. Әрине, менің ғимараттарым бұрын басқа адамдардың атына тіркелген. Бірақ қазір заңдастыру заңының негізінде мен оларды өз атыма тіркедім", - деді Жапаров.
Ол ауқатты азаматтарды өз мүлкін заңдастыру мүмкіндігін пайдалануға шақырды.
Бұрын хабарланғандай, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталды. Ол бизнесмендерді, олардың жұбайларын, заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары мен жеке кәсіпкерлерді қамтитын болады. 2025 жылдан бастап Қазақстанда саяси мемлекеттік қызметшілер декларация жариялай бастайды. Бірақ бәрі емес. Декларациялары құпия болып қалатын тұлғалардың тізімі бар.