Қазақстандағы теміржол вокзалдары күрделі жөндеуден өтеді

"Қазақстан темір жолы" компаниясының өз ақшасы вагон алуға, локоматив алуға жұмсалып жатқандықтан, қаржы бюджеттен қарастырылады
Sputnik
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Қазақстанда 59 теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтеді. Бұл туралы көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, қазір жөндеуден өтуге тиіс 59 теміржол вокзалы айқындалған. Оның төртеуі ғана Түркістан, Қызылорда, Шымкент және Павлодар қалаларында қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
"Өкінішке қарай, қалғандарына мүлдем қаржы да бөлінбеген, жай-күйі де төмен. Әр вокзалдың өз табысы 50-60% ғана қамти алады. Осыған байланысты барлық әкімдік жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп жатыр. Осы жылдың соңында біз оны қаржы бөлу жағын бюджеттен қарастырамыз ба деп отырмыз", - деді Қарабаев сенат отырысында.
Себебі, оның айтуынша, "Қазақстан темір жолы" компаниясының өз ақшасы вагон алуға, локоматив алуға жұмсалып жатыр.
"Мұнда әкімдермен келіскеніміз – ғимаратты жөндеуді республикалық бюджеттен қарастырамыз деп отырмыз. Теміржол вокзалының ауласын әкімдік бюджеті есебінен келісеміз. Бірақ жобалық-сметалық құжаттаманы әкімдердің өздері дайындап жатыр. Теміржол вокзалдарын жаңарту сапаның артуына септігін тигізеді", - деді министр.