Мектептерде терроризм жайлы жалған ақпараттың таралуына шетел азаматтарының қатысы бар

Биыл 25 қаңтардан бастап Telegram-да мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады
Sputnik
АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Ішкі істер министрлігі мектептердегі террористік әрекет туралы жаппай хабарлама тарату істерін тергеу барысын жариялады, деп хабарлайды Polisia.kz порталы.
Биыл 25 қаңтардан бастап Telegram-да мектептерге шабуыл жасау қаупі туралы анонимді хабарламалар тарала бастады. Ондай хабарламалар Ақтөбе, Атырау, Алматы, Павлодар, Қарағанды мен Қостанайда тіркелді.
"Қазіргі уақытта Алматы, Ақтөбе, Атырау және Павлодар қалаларында таралған хабарламаларға ТМД елдері азаматтарының қатысы бар екені анықталды. Шетелдік әріптестермен олардың қылмыстық әрекеттерін әшкерелеу бойынша тиісті іс-шаралар жүргізіліп жатыр", - дейді ішкі коммуникациялар департаментінің бастығы Альбина Махамбетова.
Ал Қарағанды мен Қостанай қалаларында оқушылар Telegram-арналарын ашып, бұрын таратылған хабарламалардың мәтінін көшіріп, оқу орындарының фотосуретімен бірге өз мектептерінің чаттарына жалған ақпарат жіберген. Бүгінде Қарағанды қаласында 15 орта мектебінің жетінші сынып оқушысы және Қостанайдағы 3 мектеп-гимназиясының төртінші сынып оқушысы анықталды. Олар қылмыстық жауапкершілік жасына жетпеген. Сол себепті ата-аналары бала тәрбиесіне көңіл бөлмегендері үшін әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ сот шешімі бойынша олар жедел қызметтерді жалған шақыртуға және білім беру объектілерін тексеруге байланысты мемлекетке келтірілген залалды өтейтін болады. Шығын көлемі екі миллион теңгеге дейін жетуі мүмкін.
Айта кетері, заң бойынша терроризм актісіне дайындық туралы көрінеу жалған хабарлама үшін 5 мың АЕК мөлшерінде, яғни 18 млн теңгеден астам айыппұл не болмаса 5 жылға бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазасы қарастырылған.
Былтыр терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама бойынша 215 қылмыстық іс қозғалды. 43 адам анықталды, олардың ішінде кәмелет жасқа толмаған 19 бала бар. 7 адам сотталды, екеуі - кәмелетке толмағандар.