АСТАНА, 15 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысы аумағында үш мыңға жуық жүк көлігі қаңтарылып тұр. Жүргізушілердің айтуынша, олардың жүре алмай тұрғанына бес күн болған, деп хабарлады "Астана" телеарнасы.
"Жол тазаланбаған. Техника жоқ, тамақ жоқ. Қиналып жатырмыз. Соляркамыз бітіп жатыр. Біраз адамның холодильникте тұрған тауарлары бұзылды. Білмеймін, бір жағдай жасау керек. Ешқандай көмек көрсетіліп жатқан жоқ", - дейді жүк көлігінің жүргізушісі Дулат Дәрмешов.
Өңірде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болды. Жолдар жабылды. Ақтөбе мен Қарабұтақ арасындағы көліктердің тізбегі 60 шақырымға дейін созылған.
"Қазір қар жауып тұр. Участокта көктайғақ. Соның кесірнен көп жерде үлкен жүк көліктері қиналып жүріп жатыр, тұрып қалғандары бар. Солардың барлығына көмек көрсетіп, шығару жұмыстарын жүргізіп жатырмыз", - дейді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Ақтөбе филиалының директоры Айбол Данағұл.
Оның айтуынша елу шақты жүк көлігі бұзылып тұр. Қазір сүйреп шығару мәселесі қарастырылып жатыр.