АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысты, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз таңдаған бағыттың кейбір тұстары Қатармен ұқсас екенін айтты. Қазақстанның ашық есік саясатына, орасан зор ресурсына және еркін нарыққа қатысты реформаларына шетелдің, соның ішінде Қатардың көптеген компаниясы назар аударды. Әртараптандырылған және орнықты экономиканың негізін қалау – Қазақстанның басты міндеті.
"Былтыр Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 265 миллиард долларды құрады. Біздің ендігі мақсатымыз – осы көрсеткішті 2029 жылға қарай 450 миллиард долларға жеткізу. Өткен жылы экономикалық өсім 5,1 пайызға жетті. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп, – деді президент.
Оның айтуынша, Қазақстан ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды жоспарлап отыр.
"2022 жылы шетелден 28 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тарттық. Ал сыртқы сауда айналымы 136 миллиард долларға жетті. Қазақстан Орталық Азияда тікелей шетелдік инвестиция келетін негізгі ел болып қалуы үшін ең жоғары әлемдік стандарттарға сай жаңа инвестициялық циклды іске қостық", - деп толықтырды Тоқаев.
Мемлекет басшысы жуырда Қазақстанда Инвестициялық кеңес құрылғанын айта келе, Қатар компанияларын бизнес жүргізу үшін тың мүмкіндіктерді қарастырып, Қазақстан нарығына инвестиция салуға шақырды.
"Бүгін Жоғары Мәртебелі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесу барысында мен алғашқы қадам ретінде екіжақты сауда көлемін жарты миллиард долларға дейін ұлғайтуды ұсындым. Біз Қатар нарығына машиналар, темір, болат, ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа да жоғары сапалы тауарларды жеткізе аламыз. Сонымен қатар Қазақстан ЖІӨ көлемі 2,6 триллион доллар болатын Еуразиялық экономикалық одақ нарығына жол аша алады. Біз Қытаймен шекаралас елміз. Бұл "Бір белдеу, бір жол" жобасы аясында сауда-саттық жүргізуге жақсы мүмкіндік",– деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, бүгінде визасыз режим мен апта сайын ұшатын 20-ға жуық тікелей рейстің арқасында Қазақстан мен Қатар байланыстары бұрынғыдан да нығая түсті. Бұған қоса, еліміз өзінің көлік-логистикалық әлеуетін әртараптандырумен және кеңейтумен белсенді түрде айналысып жатыр.
"Біз Транскаспий халықаралық көлік бағытынан немесе Орта дәліздің дамуынан зор үміт күтеміз. Қатар компаниялары мен қаржы институттары осы саладағы бизнес пен инвестиция мүмкіндіктерін қарастыру арқылы қомақты пайда табады деп санаймыз. Бүгін біз жалпы инвестициялық құны 18 миллиард долларға жуық түрлі коммерциялық құжаттарға қол қоямыз. Бұл экономикалық ынтымақтастықты дамытуға батыл кіріскенімізді көрсетеді", – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика секторы екі ел экономикасының негізгі қозғаушы күші саналатынын айтты. Қазақстан мұнай және газ қорын барлау үшін мол мүмкіндіктер ұсынуға дайын.
"Біз маңызды кен орындарын ашу үшін әлемдегі үздік тәжірибелерді енгізіп жатырмыз. Осыған орай энергетика саласындағы Қатар компанияларын геологиялық барлау, мұнай химиясы, мұнай мен газды тасымалдау, өңдеу жобаларына белсенді атсалысуға шақырамын. Бүгін Power International Holding компаниясымен Қашаған кен орнында газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Бейнеу – Бозой – Шымкент және Ақтөбе – Қостанай газ құбырларының құрылысы туралы келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Бұл – келешегі зор бастама. Қашағанда тағы бір газ өңдеу зауытын салуға қатысты келіссөздер көп ұзамай нақты нәтиже береді деп үміттенеміз", – деді Қазақстан президенті.
Сонымен қатар мемлекет басшысы жаңартылатын энергия секторындағы ықпалдастық мәселесіне арнайы тоқталды. Қазақстанның бір триллион-киловатқа бағаланған жаңартылатын энергия көздерінің әлеуеті осы саладағы жаһандық ойыншылардың назарын аударды. Жалпы алғанда, олар 43 гигаватт қуат өндіретін бірнеше жобаны жүзеге асыруға міндеттеме алды.
"Nebras Power компаниясының Қазақстанда қуаты 350 мегаватт болатын су электр станциясын салу ниетін, сондай-ақ Pearl Overseas компаниясының қуаты 1,1 гигаватт болатын бу-газ қондырғысын орнату жоспарын жоғары бағалаймыз. Біз осы аса маңызды сектордағы өндіріс, технология трансферті және тәжірибе алмасу бағыттары бойынша серіктестікті жалғастыруға мүдделіміз", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар компанияларын кобальт, литий және басқа да әлем экономикасына қажет аса маңызды шикізат түрлерін өндіру және өңдеу ісіне атсалысуға шақырды.