АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жатақхана тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Министрдің ойынша, орта мерзімге арналған шаралар жүктемені азайтады. Алайда бұл бағытта ауқымды инфрақұрылымдық бағдарлама керек.
"Қазір елімізде 20 мыңнан астам төсек-орын тапшылығы бар. Былтыр 10 363 орынға есептелген 43 жатақхананы пайдалануға бердік. Биыл да 10 мың орынды пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз", - деді Саясат Нұрбек мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, жатақхана тапшылығын жою күрделі мәселе, оны тек азайтуға болады.
"Біздің демографияға қарасаңыздар, тапшылық ешқашан жойылмайды. Оны азайтуға болады. Біздің жоспарымыз 2027-2028 жылға дейін тапшылықты 7-10 мың деңгейіне түсіру. Ол үлкен тапшылық емес. Негізі Астана мен Алматының проблемасын шешсек, басқа өңірлерде соншалықты тапшылық жоқ. Қазір ақырындап Ақтөбе, Шымкент, Түркістан өңірінде де халық саны өсіп жатыр", - деді ведомство басшысы.
Шенеунік жатақхана құрылысына бизнесті белсенді тарту жұмысы жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ ғылым министрлігі ұлттық экономика министрлігімен мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігін пысықтап жатыр. Яғни мемлекет серіктес ретінде жатақхана құрылысына 30 пайыз қосылады, қалған 70 пайызы – жеке бизнес.