Елордада тұрғындар коронавирустың қандай штамын жұқтырып жатыр

Бұрынғы Омикрон штаммы айналымда қалып отыр
Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Астананың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова коронавирус инфекциясына қатысты соңғы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазіргі кезде Астана қаласында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Күн сайын бірен-саран жағдай тіркеледі. Елорда әзірше "жасыл" аймақта қалып отыр.
Бірақ коронавирусқа шалдыққан адамдардың саны өсіп келеді. Статистикаға сәйкес, 2023 жылы желтоқсанда 61 жағдай болса, биыл қаңтарда 74 жағдай тіркелді. Ақпанның бірінші аптасында инфекция жұқтырғандардың саны 25 адамға жетті. Қазіргі кезде үш пациент ауруханада жатыр, қалғандары үйде емделіп жүр.
"Соңғы рет штаммдарды зерттеу 2023 жылдың желтоқсанында жүргізілді, жаңа штаммның түрлері анықталмады, бұрынғы Омикрон штаммы айналымда қалып отыр. Коронавирус инфекциясын бақылау жалғасуда", - деді Бейсенова бүгінгі брифингте.
Вирустарға жасалған зерттеуге сәйкес, пациенттерде 3 және 4 типті парагрипп, метапневмовирус, бокавирус, аденовирус, риновирус, риносинтициалды және маусымдық коронавирус анықталды. Ал 64 науқас екі немесе одан да көп вирус жұқтырған.