Астанада тұмау өршіп барады

Өткен аптада ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың саны 12 пайызға өсті
Sputnik
АСТАНА, 14 ақпан – Sputnik. Астананың бас санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова тұмауға шалдыққан адамдардың саны көбейгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Ресми мәліметке сәйкес, өткен аптада ЖРВИ мен тұмауға шалдыққандардың саны алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,1 есе немесе 12 пайызға өсті.
"14 жасқа дейінгі балалар арасында 1,2 есе, оқушылар арасында 1,5 есе, студенттер арасында 2,3 есе және жүкті әйелдер арасында 1,2 есе өсті. Жалпы науқастардың 11,2 пайызын мектепке дейінгі ұйымдардың балалары, 19 пайызын оқушылар құрады", - деді Бейсенова бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, бүгінде бірнеше медициналық ұйымының базасында симптомдары тұмауға ұқсас науқастардан іріктеп сынама алынады.
"Осы эпидемиялық маусымда 40 аптадан бастап 508 ауруханаға жатқызылған және 145 амбулаториялық науқас вирусологиялық әдіспен тексерілді, оның 221-інде "А" типті тұмау вирусы (H3N2) анықталды", - деп атап өтті бас санитар дәрігер.
Осы орайда Бейсенова маусымдық тұмаудан асқынулар болатынын да ескертті. Әсіресе, балалар, жүкті әйелдер, 65 жастан асқан адамдар, қант диабетімен ауыратындар, тыныс алу және жүрек-қан тамырлары аурулары бар және иммун тапшылығы бар науқастар тәуекел тобына кіреді.