АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Украинада мобилизациялаудан жалтарғаны үшін шартты түрде сотталғандар бәрібір әскерге шақырылады. Бұл туралы елдің ұлттық полициясы басшысының бірінші орынбасары Максим Цуцкиридзе мәлімдеді, деп жазды РИА Новости.
"Олар алдағы уақытта әскерге алынады. Егер адам екінші рет сол әрекетті қайталаса, түрмеге қамалады", - деді Цуцкиридзе украиналық "Цензор" басылымына берген сұхбатында.
Ол сондай-ақ "сотқа дейінгі тергеп-тексеруде болу, тіпті күдікке ілінсе де, отан алдындағы борышын өтемеуге себеп емес" деп атап өтті.
"Бұл жерде тергеу кезінде қандай бұлтартпау шарасы таңдалғанын, ол адамның жүріп-тұруын шектей ме, жоқ па соны қарастыруымыз керек", - деп түсіндірді Цуцкиридзе.
Бұған дейін Цуцкиридзе Украинада мобилизациялаудан жалтарғаны үшін 9,4 мыңға жуық қылмыстық іс тергеліп жатқанын айтқан.
Украинада 2022 жылдың 24 ақпанынан бастап әскери жағдай режимі енгізілді, келесі күні Зеленский жалпыға бірдей мобилизациялау туралы жарлыққа қол қойды. Украинадан 18 бен 60 жас аралығындағы ер адамдардың әскери жағдай кезеңінде кетуіне тыйым салынды.