Тоқаев мемлекет қайраткері Анар Жайылғанованың отбасына көңіл айтты

12 ақпан күні мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Жайылғанова 55 жасқа қараған шағында өмірден өтті
Sputnik
АСТАНА, 13 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Анар Жайылғанованың отбасы мен жақын туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды Ақорда.
Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Анар Жайылғанованың дүниеден өтуіне байланысты отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
"Анар Нұралықызы еселі еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсады. Көптеген игі іске атсалысып, өзін білікті маман ретінде көрсете білді. Нағыз мемлекеттік қызметшіге тән қалпымен абыройлы қызмет атқарған Анар Нұралықызының есімі мен бейнесі ұмытылмайды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын", – деп жазылған жеделхатта.
Еске сала кетейік, 12 ақпан күні мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бұрынғы төрағасы Анар Жайылғанова 55 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Ол 2018-2019 жылдары мәжіліс депутаты болды. 2019-2022 жылдар аралығында мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметін атқарды.