АЛМАТЫ, 13 ақпан – Sputnik. Қазақстан мен Өзбекстан билігі Үстірт даласындағы жануарлар дүниесін сақтау туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлады РИА Новости Өзбекстан экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дүйсенбі Самарқанда БҰҰ-ның қоныс аударатын жабайы табиғат түрлерін сақтау жөніндегі конвенция тараптарының 14-ші конференциясы ашылды.
"Самарқанда өткен пленарлық отырыс аясында Өзбекстан мен Қазақстан арасында Үстірт даласындағы жануарлар дүниесін сақтау туралы ынтымақтастық меморандумына қол қойылды", - делінген ведомствоның сайтында жарияланған хабарламада.
Құжатқа Өзбекстанның экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Әзиз Абдухакимов пен Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Нұркен Шарбиев қол қойды.
Меморандумда жабайы жануарлардың трансшекаралық популяциясын және олардың қоныс аударатын түрлерін сақтау үшін бірлескен жұмыс тобын құру және жол картасын әзірлеу көзделген.
"Келісімге Орталық Азия елдерінің 2023 жылы Дүниежүзілік табиғи мұра объектілерінің тізіміне енгізілген" қоңыржай белдеудің Тұран шөлдері" дүниежүзілік табиғи мұра трансұлттық объектісін сақтау жөніндегі міндеттемелерін орындау мақсатында қол қойылды", - деп толықтырды баспасөз қызметі.
Үстірт Орталық Азияның батыс бөлігінде үш елдің – Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумағында орналасқан. Кен орындарының игерілуіне байланысты өткен ғасырдың 60-70 жылдарынан бастап Үстіртте өмір сүрген жануарлардың көптеген түрі жойылып кетті, кейбірі жойылу алдында тұр.