АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Стуббты Финляндия президенті лауазымына сайлануымен құттықтады, деп хабарлады Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауында жеңіске жеткен Александр Стуббқа құттықтау жеделхатын жолдады.
"Сайлаудағы жеңісіңіз халқыңыздың Сізге деген сенімін білдіреді, сондай-ақ Сіздің перспективті бағдарламаңыз бен мол саяси тәжірибеңізді қолдайтынын көрсетеді. Финляндия өзіңіздің басшылығыңызбен қарқынды дамуын жалғастырып, өркендей беретініне сенімдімін", – делінген жеделхатта.
Тоқаев Қазақстан Финляндиямен арадағы достыққа және өзара құрметке негізделген берік қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.
"Екі елдің игілігі жолындағы ұзақмерзімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екіжақты ықпалдастықтың әлеуетін пайдалану үшін Сізбен және фин үкіметімен тығыз байланыс жасаймыз деп сенемін", - деп түйіндеді мемлекет басшысы.