АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенді республиканың ішкі ісіне араласпауға шақырды. Жапаров АҚШ мемлекеттік хатшысына жолдаған жауабында Қырғызстанда жұмыс істейтін коммерциялық емес және үкіметтік емес ұйымдарға қойылатын талаптарды атады, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Садыр Жапаров өз хатында заң жобасы Қырғызстанда жұмыс істейтін коммерциялық емес және үкіметтік емес ұйымдардың қызметін нақтылау мен оңтайландыруға арналғанын айтты. Жапаров Қырғызстан парламентінің депутаттары бастамашы болған заң жобасының тұжырымдамасы 1938 жылы АҚШ-та қабылданған шетелдік агенттерді тіркеу туралы америкалық заңның тұжырымдамасына ұқсас екенін түсіндірді.
"FARA заңы шетелдік агент мәртебесін БАҚ үшін ғана емес, сонымен қатар басқа заңды және жеке тұлғалар үшін де қарастырады. Тіркеуді кешіктіру немесе одан бас тарту түріндегі заң бұзушылықтар әкімшілік қана емес, қылмыстық жауапкершілікке де әкеледі. Сонда "неге сіздерге рұқсат етілген, ал бізге рұқсат етілмеген?" деген сұрақ туындайды", – деді Жапаров.
Жапаровтың айтуынша, республикада шынымен де өте күшті азаматтық қоғам бар және әділдік пен еркіндікке ұмтылу – "қырғыз халқының генетикалық коды".
Жапаров хатында жазғандай, қоғам мен мемлекет кез келген үкіметтік емес/коммерциялық емес ұйымдарды қандай шетелдік мекемелер қаржыландырып отырғанын және қандай мақсатқа қаражат жұмсалып жатқанын білуі керек. Бұл талаптар нақты және қоғамда қолдау тауып, Конституцияға да, халықаралық міндеттемелерге де толық сәйкес келеді.
Қырғызстан билігінің негізгі талаптары:
Қырғызстанның Конституциясы мен заңдарының, соның ішінде салық кодексінің нормаларын сақтау;
үкіметтік емес/коммерциялық емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары қызметінің ашықтығын және олардың салық органдарына есеп беруін қамтамасыз ету.
Бұған дейін АҚШ мемлекеттік хатшысы Жапаровқа хат жолдап, онда ол жоғарғы кеңесте қаралып жатқан "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" заңға өзгертулер енгізуге алаңдаушылығын білдірді. Заң жобасына сәйкес, шетелден қаржы алып, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарға шетелдік агент мәртебесі беріліп, арнайы тізілімге енгізіледі.
9 ақпанда Қырғызстанның сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев АҚШ-тың Қырғызстандағы елшісі Лесли Вигериге жауап хатты тапсырды. Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы хат мәтінін әлеуметтік желілерде жариялады.