Экс-министр Бишімбаевты ақтауға тырысуы мүмкін – балалар омбудсмені

Оның айтуынша, бұл медиа науқанды әлдекім қолға алған
Sputnik
АСТАНА, 12 ақпан – Sputnik. Балалар омбудсмені Динара Зәкиева әйелін өлтірді деген күдікке ілінген экс-министр Қуандық Бишімбаевты ақтауға тырысуы мүмкін екенін мәлімдеді.
"Салтанат Нүкенованың ісі бойынша сотқа дейін немесе сот процесінде сотталушыны ақтау үшін фактілерді қасақана бұрмалауға әрекет жасалатыны туралы ақпарат бар", - деп жазды әлеуметтік желіде балалар омбудсмені Динара Зәкиева.
Ол "кейбір адамдар бұл медиа науқанға кіріскенін" айтты, бірақ нақты кім екенін атамады.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев екі бап бойынша сотталады. Жұбайы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты күдіктіге "Ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" бабымен қоса, "Азаптау" бабы бойынша да айып тағылып отыр.
Бірқатар ақпарат құралдарының хабарлауынша, Нүкенова дене жарақатымен мейрамханада жатып, таңғы уақыттан сағат 16.00-ге дейін медициналық көмексіз баяу жан тапсырған. Жедел жәрдем келген кезде ол қайтыс болған. Қуандық Бишімбаев 9 қарашада ұсталды.
Бишімбаев 2018 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген айыппен 10 жылға сотталып, 2019 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған.
Соңғы жағдайдан кейін бұрынғы министр тағы да қамауға алынды.
Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа тағы бір айып тағылды