АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. Жер сілкінісі қашан болатынын ешкім болжап айта алмайды. Сондықтан сейсмикалық қауіпті аймақта тұратын халық табиғи апатқа үнемі дайын болуға тиіс. Жер сілкінгенде қалай әрекет ету керек? Дабыл сандығына не кіреді? Үйінді астында қалып қойған адам не істейді? Толығырақ Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз.
Дабыл сандығы
Сейсмикалық қауіпті өңірде тұратын кез келген адам дабыл сандығын алдын ала дайындап қойғаны жөн. Жер сілкінген уақытта ол үнемі жаныңызда болуға тиіс.
Дабыл сандығына жеке құжаттар, дәрі-дәрмек, су, ұзақ уақыт бұзылмайтын азық-түлік, қолшам, телефон қуаттайтын құрылғы, жылы киім салып қойған дұрыс.
Жер сілкінісі кезіндегі алғашқы әрекет
ШҚО ТЖД төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы Жадыра Аманғалиқызының айтуынша, жер сілкінгенде, ең бастысы, байбалам салып, дүрбелеңге бой алдырмау. Яғни табиғи апатқа психологиялық жағынан дайын болу өте маңызды. Себебі көбі төтенше жағдай кезінде қорыққаннан абдырап, білген дүниесін ұмытып қалады. Кейбірі, тіпті, терезеден секіреді.
Құтқарушылар алғашқы дүмпу сезілген сәтте үйден 15-20 секундта сыртқа шығып үлгеруге кеңес береді. Егер осы уақыт ішінде шығып үлгермесеңіз, тұрған жерді паналау керек. Ғимарат шайқалған кезде баспалдаққа шығуға және лифтіні қолдануға болмайды.
Тез арада көшеге шығуға уақыт болмаса, бөлмеде қалған дұрыс.
"Үй ішіндегі қауіпсіз орындарға жасырына тұру керек. Негізгі ішкі қабырғаның жаны, есіктің жақтауы және негізгі қабырғаның бұрышы қауіпсіз орын саналады. Терезе мен жылу батареясының маңына жоламаңыз. Себебі жер сілкінгенде әйнек сынып, жарақат алуыңыз мүмкін. Ал қыста батарея жарылып, ыстық суға күйіп қалу қаупі бар", - дейді Жадыра Аманғалиқызы.
Жерасты дүмпуі басталғанда үйдегі адамдар құлап қалмас үшін теледидарды, тұрмыстық техниканы ұстап қалуға тырысады. Алайда мұның соңы жарақатқа әкеп соғуы мүмкін.
Жер сілкінгенде көшеге шығып үлгерсеңіз, үйдің кіреберісінің маңынан алшақ тұрыңыз. Өйткені балконнан немесе шатырдан ауыр зат құлап кетуі ғажап емес.
Егер автокөлікпен жүріп келе жатқанда жер сілкінісін сезсеңіз, міндетті түрде ашық алаңға тоқтау керек.
Бас маман қандай да бір төтенше жағдай кезінде тек ресми ақпаратқа сенуге кеңес береді. Жергілікті әкімдік пен ТЖД хабарламалары міндетті түрде әлеуметтік желілерде жарияланады. Телефоннан радио қосып, сол арқылы мемлекеттік органдардың ақпаратынан хабардар бола аласыз.
Үйінді астында қалып қойсаңыз, не істеу керек
Егер зілзала болып, үйінді астында қалып қойсаңыз, құтқарушылар көмекке келгенше мына қауіпсіздік шараларын сақтаған абзал:
артық қимыл-қозғалыс жасамаңыз;
киіммен бетіңізді орап алыңыз, әйтпесе құм мен шаң тыныс алу жолдарын бітеп, тұншығып қалуыңыз мүмкін;
терең және бірқалыпты тыныс алыңыз;
егер қол-аяғыңыз қысылып қалса, қатты тартып, шығарып алуға тырыспаңыз, себебі қираған бөлшектер одан әрі басып қалуы мүмкін;
саусақтарыңызды, аяқ-қолыңызды қимылдатыңыз, арқа бұлшық еттеріңізді қатайтыңыз. Бұл гипотермиядан құтқарады. Мүмкіндігінше дененің қысылған бөлігін ысқылап, уқалаңыз;
дыбыс беру арқылы өзіңізге назар аудартыңыз, бірақ айғайламаңыз – шаң жұтып қоюыңыз мүмкін;
қатты шөлдегенде кішкентай қиыршық тас сорып, мұрныңызбен демалаңыз. Құтқарушылардың көмегін күтіңіз.