Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы

АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек көрсету туралы заң жобасын қолдады

Ақ үй құжат қабылданса, оған вето қоюға уәде берді
Sputnik
АСТАНА, 11 ақпан – Sputnik. АҚШ сенаты Украина мен Израильге көмек көрсету туралы заң жобасын процестік дауыс беруде қолдады. Бұл туралы C-Span кабельдік арнасы таратқан Конгресстің жоғарғы палатасы отырысының трансляциясында айтылған, деп хабарлады РИА Новости.
Құжатты заң шығарушылардың үштен екісінен астамы қолдады. Заң жобасын қараудың келесі кезеңіне өту үшін дәл осы көлемдегі дауыс қажет болған.
Жоба бойынша соңғы дауыс беру қашан өтетіні әзірге белгісіз. Оған қоса, сенаторлар жобаны қолдаған күннің өзінде оны өкілдер палатасында қарауға тура келеді. Ал мұнда Украинаға жаңа қаржы бөлуге қарсы Республикалық оппозиция ықпалы басым.
Алдыңғы күнгі пікірталас кезінде сенатор Майк Ли өз әріптестерін Киев билігіне көмек көрсетуді америкалықтардың назары жексенбі күні өтетін ұлттық футбол лигасы чемпионатының финалына болған кезде мақұлдауды көздеп отыр деп айыптады.
АҚШ сенаторлары бұған дейін Украинаға, Израильге көмектесу және оңтүстік шекарадағы жағдайды реттеу үшін 118,3 миллиард доллар бөлетін ымыралы бюджеттік заң жобасын ұсынған. Бұл әкімшіліктің Украинаға сұраған көмегін талқылауға тосқауыл қою мақсатында шекара дағдарысын сылтау ретінде пайдаланған республикашылдардың заңсыз иммиграцияны шешу үшін қаржыландыру туралы талаптарына жауап ретінде әзірленген.
Сенаттың ымыралы құжаты ұсынылған шараларды жеткіліксіз деп санаған республикашылдардың өткір сынына ұшырады. Балама қадам ретінде конгрессмендер АҚШ президенті Джо Байден бұрын сұраған 14 миллиард долларға сәйкес Израильге жеке пакет арқылы көмек бөлу туралы өз құжатын дайындады. Ақ үй құжат қабылданса, оған вето қоюға уәде берді.