АСТАНА, 11 ақпан - Sputnik. Ақмола облысы Щучинск қаласында жедел жәрдем жүргізушісіне тап берген ер адам ұсталды, деп хабарлайды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Оқиға 10 ақпанда жанармай құю бекетінде болған.
"Жедел жәрдем автокөлігінің жүргізушісіне дене жарақаттарын келтірген ер адам ұсталды. Сотқа дейінгі тергеу басталды, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деп хабарлады полиция.
Оқиғадан кейін жедел жәрдем жүргізушісі медициналық көмекке жүгінген.
"10 ақпанда фельдшер Досаев, Афанасьев және жүргізуші Қасымов жанармай құю станциясына барады. Осы жерде жедел жәрдем жүргізушісі мен мемлекеттік нөмірі Ресей Федерациясында тіркелген Toyota Land Cruiser 200 маркалы автокөлік жүргізушісі арасында жанжал туындайды. Жанжал салдарынан Қасымовқа дене жарақаты салынған", - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Қазір зардап шеккен жүргізуші дәрігерлердің бақылауында.
Айта кетейік, осыдан екі апта бұрын дәл осындай оқиға Қарағандыда болған еді.