АСТАНА, 10 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың және жеке өзінің атынан Си Цзиньпин мен Қытай халқын ай күнтізбесі бойынша жаңа жыл - "Чуньцзе" мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Қытай Халық Республикасының құрылғанына 75 жыл толуымен тұспа-тұс келетін биылғы айдаһар жылы мемлекетіңізді одан әрі өркендету жолында жетістіктерге толы боларына сенімдімін. Осы тұста сіздің маңызды стратегиялық бастамаларыңыз бен тың жоспарларыңыздың сәтті жүзеге аса беруіне шынайы тілектеспін", – деп жазылған жеделхатта.
Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықтың "алтын 30 жылдығы" аясында игі мақсат-міндеттерге қол жеткізіп, халықтардың жарқын болашағы жолындағы сындарлы әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге айрықша мән беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің аса жауапты қызметіне толайым табыс, ал достас Қытай халқына бақ-береке тіледі.