АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. "Серпін" мемлекеттік бағдарламасымен жоғарғы оқу орнын бітіргендер міндетті тәжірибені өтемей жүр. Сенат депутаттары дабыл қағып, премьер-министрге ұсыныс хат жолдаған. "Серпіннің" көңіл серпілтпейтін мәселесі туралы Sputnik Қазақстан тілшісі сұрап білді.
Бұл игі бастама бойынша бүгінгі таңда 9 облыстың 25 жоғары оқу орнында маман даярланып жатыр. Әу баста "Серпін" бағдарламасы жастарды қолдау үшін ойлап табылған. Мемлекет қаражатына тегін білім алып, бірақ өз тәжірибе-міндетін түлектер орындау керек. Яғни, жұмыс күші тапшы аймақтарға барып еңбек ету керек. Бірақ жобаның соңы сұйықтала бастаған. Сенат депутаттары мәселені айтып, дабыл қағып жатыр.
"Жоба қатысушылары үшін жоғары оқу орындарына түсу кезінде мемлекеттік тапсырыстың жалпы көлемінің 5%-і мөлшерінде қабылдау квотасы көзделген. Өткен жылдарда бұл көрсеткіш 10%-ті құрап, жобаны жүзеге асыру барысындағы жіберілген кемшіліктер салдарынан жыл санап солтүстік өңірлерде оқығысы келетін жастар саны азайып барады", - дейді сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев.
Әсіресе, бағдарлама түлектерін жұмысқа орналастыруға кепілдік берілген орындардың болмауы, облыс әкімдіктері мен жұмыс берушілердің жоғары оқу орындарымен жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша әлсіз өзара іс-қимылы, жоба қатысушыларының басында тұрғын үйдің болмауы секілді мәселелер жастарға тосқауыл болып тұр.
Депутаттардың айтуынша, тіпті бүгінгі таңда "Серпін" бағдарламасының ресми сайты да жұмыс істеуін қойған.
"Білім беру саласындағы уәкілетті органның операторы ретінде "Қаржы орталығы" АҚ белгіленген. Бұл қауымдастық "Серпін" бағдарламасы түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткішіне мониторин жүргізген. Орталық мәліметі бойынша 2020-2022 жылдар арасында 8948 адам ЖОО тәмамдаған. Өкінішке қарай солардың 35,7%, яғни 3 200 жас маман міндеттемені орындамаған", - делінген депутаттық сауалда.
Тіпті "Қаржы орталығы" АҚ операторы оқуға жұмсалған бюджет қаражатын өндіріп алу мақсатында сол 3 200 адамға сотқа дейінгі талап арыз түсірген. Олардың 1982-і бойынша дауды сотқа дейін шешу жұмысы жүріп жатыр. 603 адамға қатысты талап арыз беріліп, тағы 534-імен сот орындаушылары жұмыс істеп жатыр, 78 адамға сот шешімі шыққан.
"Бағдарлама аясында қолына дипломын алған әр үшінші түлектің бұлайша сотқа тартылуына жұмыс таппай, баспана мәселесін шеше алмауы себеп. Көп жағдайда жолдама берілген мекемелерде шын мәнінде ол жұмыс орындары жоқ болып шығады. Басқа мекемелер жұмыс өтілінсіз қабылдамайды. Қабылдаса да 80-90 мыңнан жоғары жалақы төленбейді. Жатақханадан шығарылған, 100-120 мың теңгеге баспана жалдауға мәжбүр болған жастарға өз ауылдарына қайтудан өзге амал қалмай отыр. Салдарынан онсызда еңбек күше артық жерлердегі жұмыссыздар қатары өсті", - дейді депутаттар.
Республика бойынша бағдарлама аясында мамандық иемденгендердің 4191-і жұмыспен өтеу міндетінен босатылған. Бұл жеңілдікке тұрмыс құрып, өзге өңірге кеткен немесе балалы болған әйелдер мен магистратураға түсіп кеткендер қол жеткізген.
"Сотқа тартылмаудың басқа жолы - жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, немесе өзге нысандармен келісіп, ай сайынға зейнетақы төлемдерін салу. "Серпін" бағдарламасы қатысушыларының айтуынша, оларға жауапты тұлғалар зейнетақы қорына жүйелі түрде төлем жасай отырып міндеттемені өтеуді ұсынған. Көп жастар осы тәсілді пайдаланып, шын мәнінде мейрамханаларда даяшы, сауда орындарында сатушы, жүк тасушы және сол сияқты жұмыстармен айналысып жүр", - делінген депутат жолдауында.
Бұл ретте ғылым және жоғары білім министрлігі мен еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында, сондай-ақ жергілікті әкімдіктер мен ЖОО арасында байланыс тиісті деңгейде емес, дейді халық қалаулылары. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен облыс әкімдіктерінің мәліметі бойынша өз міндеттемесін орындамаған бітірушілердің саны бұдан әлде қайда көп.
Бұл тұрғыда ғылым және жоғары білім министрлігінің де өз уәжі бар.
"Бағдарламаны іске асыру кезінде 2014 жылдан 2023 жылға дейін республикалық бюджет есебінен жоғары білімді кадрлар даярлауға 41 272 грант бөлінді. Жұмысқа орналастырылып жатқандар бар. Бірақ жастардың басым бөлігі магистратурада білім алуды жөн көреді", - дейді ведомство.
Сарапшылардың айтуынша жастар тарапынан да кететін олқылық көп, ол – ауылды жерде еңбек етуге ниеттің жоқтығы. Оқу бітірген жас маманның басым көпшілігі қалада қалуды жөн көреді.