АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. "Татнефть" 2024 жылы Қазақстанда және экспортқа сату үшін Attar брендімен шина шығара бастайды, деп хабарлады РИА Новости компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көлік доңғалағы Қарағандының Саран қаласында шығарылады.
"Attar қазақ тілінен аударғанда "жылқы" сөзін білдіреді. Attar – Қазақстандағы шиналардың жаңа бренді. Өнімдерді Сарандағы "Татнефть" шина дивизионының кәсіпорны шығарады. Бұл өнім Қазақстан аумағында сатылады және экспортталады", – делінген "Татнефть" хабарламасында.
Әр шинаның бүйірінде жылқының басы бейнеленеді.
"Жылқыны түркі халықтарының мәдениеті мен тарихынан ажыратуға болмайды, бренд әлемнің көптеген тілінде үйлесімді естіледі", - дейді компания мамандары.
"Татнефть" зауыты Саран қаласында алдағы айларда сериялық өнім шығаруды бастайды. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 3 миллион жеңіл шина және 500 мың жүк шинасын шығаруға жетеді.
"Татнефть"- Ресейдегі ең ірі мұнай компанияларының бірі, бас кеңсесі Татарстанда орналасқан. Ол негізінен Татарстанда мұнай мен газ өндіреді және "Танеко" мұнай өңдеу зауыттарының кешенін басқарады.