АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. Қарағанды облысында тұрғын үй заңнамасын бұзғандар анықталды, деп хабарлады облыстық прокуратура.
"Тексеру кезінде тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 33 мың азаматтың 454-і аталған санатқа жатпайтыны және мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға құқығы жоқ екені анықталды. Ал 50 адамға ауданы заң талаптарына сәйкес келмейтін пәтерлер берілген", - делінген хабарламада.
Ведомствоның мәліметінше иесі жоқ 78 тұрғын үйді коммуналдық меншікке қабылдау жұмысы жүріп жатыр.
Азаматтардың жалға берілген тұрғын үйлерге төлем қарызы 20 миллион теңгеге жеткен. Бұл бойынша сотқа талап-арыз берілді.
"Ал Шахтинск қаласында пәтерді тұрғын үйді жалға беру шартын заңды деп тану туралы жалған сот шешімінің негізінде жекешелендіру түріндегі алаяқтық фактісі анықталды. Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды”, - дейді ведомство.
Ақтоғай ауданында мұқтаж азаматтарға өрт және санитарлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін, атап айтқанда қабырғаларында жарықтар мен ылғалдылық бар, электр қондырғылары зақымдалған, сымдары ашық және тағы басқа ақаулары бар 4 тұрғын үй сатып алынған. Дәл осы ауданда электр қуатына қосылмаған тағы 2 тұрғын үй сатып алынған.
Айта кетері, мемлекет халықтың тек белгілі бір санаттары: жетім балалар, мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар мен ҰОС ардагерлері және тағы басқаларға баспана береді.