Ақтөбе облысында жолда қалған мыңға жуық адам құтқарылды

Оның 400-ден астамы шетел азаматы
Sputnik
АЛМАТЫ, 9 ақпан – Sputnik. Ақтөбе облысында ауа райының қолайсыздығы салдарынан автожолдардың 5 учаскесі жабылды, деп хабарлады ТЖМ.
Жолда қалған адамдарды эвакуациялау және автомобильдерді шығару бойынша авариялық-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Ақтөбе облысының жылыту пунктінде 819 адам орналасқан.
"Барлығы 161 адам құтқарылды, оның ішінде 17 бала, 7 жүкті әйел, 6 шетел азаматы бар. Сондай-ақ 653 адамға көмек көрсетілді, 434 шетелдік эвакуацияланды", - делінген хабарламада.
Ведомствода адамдарды эвакуациялау және автомобильдерді әкету бойынша авариялық-құтқару жұмыстарына 90 бірлік техника, ТЖД, ПД, әскери бөлімдер мен ЖАО-дан 240 адам тартылғанын атап өтті.
ТЖМ жедел штабы мен ТЖД жедел штабы жұмысын жалғастырып жатыр.
ТЖМ дабылды ескерту кезеңінде және ауа райының нашарлауы кезінде мынадай қатаң кеңес береді:
ұзақ сапарға шықпаңыз;
ауылдық жерлерде тұратын тұрғындар алыс қашықтыққа жаяу жүрмеңіз;
елді мекендерден тыс жерге шықпаңыз;
жабылған автожолдарда көлікпен топтасып тұрмаңыз;
мүмкіндігінше елді мекендерде, кемпингтерде, жол бойындағы кафелерде болыңыз.
Бұған дейін ақтөбелік құтқарушылар науқасты дәрігерлерге жеткізу үшін боранмен 18 шақырым жаяу жүргені хабарланған болатын. Олар жол көрсетіп, жол талғамайтын көліктің алдында жүрді.