Тоқаев Әлиевті президент сайлауындағы жеңісімен құттықтады

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері телефон арқылы сөйлесті
Sputnik
АСТАНА, 8 ақпан — Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Әзербайжан Республикасының президенті лауазымына кезектен тыс өткен сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысы сайлаудағы дауыс беру қорытындысы Ильхам Әлиевтің Әзербайжанды одан әрі нығайтуға, елдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын қамтамасыз етуге және мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдары мен ауқымды реформалары бүкілхалықтық қолдауға ие болғанын анық көрсеткенін атап өтті", - делінген Ақорда хабарламасында.
Тоқаев Ильхам Әлиевтің әзербайжан халқының игілігі мен дамуы үшін қолға алған барлық жоспарының табысты орындалуына тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Әзербайжан президенті құттықтағаны үшін Тоқаевқа алғыс айтып, бауырлас Қазақстанмен арадағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық рухындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете беруге ниетті екенін растады.
Еске сала кетейік, 7 ақпанда Әзербайжанда президент сайлауы өтті. Сайлауда Ильхам Әлиев айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Әлем
Ильхам Әлиев Әзербайжандағы сайлауда соңғы 20 жылда бесінші рет жеңіске жетті