Депутат Павлодар облысының тұрғындарына төнетін қауіп туралы айтты

Гидротехникалық құрылыстардың әбден тозып істен шығуына байланысты Павлодар облысындағы ауылдарды еріген қар суы шайып кетуі мүмкін.
Sputnik
АСТАНА, 8 ақпан – Sputnik. Сенат депутаты Ернұр Әйткенов "Ертіс Орманы" орман резерватындағы ауылдарға жыл сайын су басу мен өрт қаупі төнетінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Оның айтуынша, Павлодар облысы Баянауыл ауданының тұрғындарымен кездесу барысында ауыл тұрғындары көктемгі су тасқыны проблемасын бірнеше рет көтерді. Гидротехникалық құрылыстардың әбден тозып істен шығуына байланысты бұл ауылдарды еріген қар суы шайып кетуі мүмкін. Қазір бұзылған бөгеттер әкімдіктің қарамағында және оларды қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленді. Топырақ үйіп бөгет жасау мен шлюз реттегіштерін орнату үшін шамамен 5,5 млрд теңге қажет.
"Жобаны іске асыру Ащысу өзеніндегі су тасқынының алдын алуға мүмкіндік береді, жайылма суару жүйесіне су жіберген соң дымқыл жерге қаулап шыққан көк шалғын жоғары өнім береді және ірі мал азығын жаппай жинап алуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ жайылымдық мал шаруашылығының дамуына оң ықпал етіп, 6 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауылдық округті жем-шөппен қамтамасыз етеді. Тасқын суды жайылманың суармалы жерлеріне бөлу есебінен 18 елді мекенді су басу қаупі азаяды", - деді Әйткенов депутаттық сауалында.
Сенатор сонымен қатар 2023 жылы "Ертіс Орманы" мемлекеттік орман резерватында өртті ерте анықтау жүйесін орнату үшін республикалық бюджеттен шамамен 2,4 млрд теңге бөлінгенін атап өтті.
Облыс әкімдігі құрылымдық бағынысты мекемелердің аумағында орман өртіне мониторингі жүйесін орнату мәселесін де пысықтады. Алайда діңгекті антенна құрылымдары мен бейнебақылау камераларын орнату ең оңтайлы шара болып отыр. Бұл жүйе процестерді автоматтандыру тұрғысынан жетілдірілген.
Сенатор осыған байланысты үкімет басшысынан осы мәселелерді шешуге көмектесуді сұрады.