АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекетке қайтаруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында құрылысы сапасына қатысты мәселені көтерді.
"Қазір құрылыс саласында сараптама жасауды мемлекеттің иелігіне қайтару мәселесі қызу талқыланып жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең басты міндет. Құрылыс сапасына жасалатын бақылауды міндетті түрде күшейту керек. Бұл – анық дүние. Алайда, мемлекет осы нарықты түгел иемденіп алмауы қажет. Шынайы бәсеке болуға тиіс. Үкімет барлық тараптың мүддесін ескеруі керек", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл салада үлескерлік құрылысқа, ғимараттардың заңсыз әрі орынсыз салынуына, мүлік иелерінің бірлестігін реформалауға қатысты қордаланған мәселелер бар.
"Азаматтар үнемі шағымданып жатады. Алайда, құзырлы органдар әлі күнге дейін тиісті шара қолданбай отыр. Үкімет бұл мәселе бойынша жыл соңына дейін нақты шешім қабылдауы керек", - деп тапсырды президент.