АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға тапсырма берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері осы саланың бюджеті 2 есе артқан. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді.
"Алайда медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Оның айтуынша, медициналық көмектің бірыңғай топтамасын қалыптастыру қажет.
"Мемлекет кепілдік беретін медициналық қызмет оның базалық бөлігі болуға тиіс. Келесі бөлігі жұмыс берушілер мен азаматтардың жарналарынан құралатын сақтандыру қаражаты есебінен жасақталуы керек", - деп атап көрсетті мемлекет басшысы.
Ал әлеуметтік жағынан осал топтағы кейбір азаматтар үшін медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын төлемдер жергілікті бюджеттен бөлінуге тиіс.