АСТАНА, 7 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйесіне тәуелсіз аудит жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Мемлекет басшысы салық жүйесін толық цифрландыру міндетін қойды. Бұл сала цифрлық тәсілдерді, әсіресе жасанды интеллектіні қолдану жағынан ең алдыңғы шепте болуға тиіс. Бірақ тиісті салыққа жауапты органда осы мәселеге дұрыс көңіл бөліп жатқан жоқ.
"Мемлекеттік кірістер комитетінде 2000-2014 жылдары іске қосылған 14 ақпараттық жүйе бар. Олардың көбі кеңінен қолданылмайды. 2021 жылы бұл жүйелердің бәрі халықаралық қаржы ұйымдарының қолдауымен 12 жыл бойы жасалған жаңа жүйелермен алмастырылуы керек еді. Бірақ қаражат игерілгеніне қарамастан, еш нәтиже жоқ. Ведомствоның барлық ақпараттық жүйесіне тәуелсіз IТ-аудит жүргізуді тапсырамын", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Жаңа Салық кодексін әзірлеумен қатар мемлекеттік кірістер комитетінің жаңа ақпараттық архитектурасын да қалыптастыру қажет.
"Жалпы, салық және бюджет саласына түбегейлі реформа қажет. Соның арқасында мемлекет пен бизнестің арасында жаңа қоғамдық шарт жасалмақ. Осылайша, ұлттық табысты әділ бөлудің парасатты жолы қалыптасады. Бұл – үкіметтің алдында тұрған негізгі басымдық", - деп атап көрсетті Тоқаев.