Тоқаев Бектенов жайлы: тәртіпті, адал, еңбекқор азамат

Бүгін Антикордың бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Әлихан Смайыловтың орнына премьер-министр болды
Sputnik
АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан тағайындалған премьер-министр Олжас Бектенов қандай адам екенін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Олжас Бектенов – тәжірибелі мемлекеттік қызметші. Оның Қазақстан экономикасы және басқа да салалар бойынша білімі мол, ұйымдастыру қабілеті жоғары, өзі – тәртіпті, адал, еңбекқор азамат. Сондықтан ел экономикасының алдында тұрған мақсаттарды жүзеге асыруға қабілеті жетеді деп ойлаймын", – деді Тоқаев мәжілістің пленарлы отырысында.
Президенттің айтуынша, үкімет өз қызметінде кәсібилік, жауапкершілік, жеделдік және бастамашылдық сияқты қасиеттерді ұштастыруға тиіс. Сондай-ақ үкімет экономиканы халықтың игілігі үшін ынталандыруға және әртараптандыруға бағытталған батыл әрі табанды шешімдер қабылдауы қажет.
"Жаңа экономикалық даму жағдайына бейім болып, кез келген қауіп-қатерге төтеп беру үшін үкіметтің өзі де толық қайта жандануға дайын болуға тиіс. Соның арқасында өзекті мәселелерге жаңа көзқараспен қарап, нағыз реформаторлық шешімдер қабылдау мүмкін болмақ", - деді мемлекет басшысы.
6 ақпанда Антикордың бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Әлихан Смайыловтың орнына премьер-министр болды. Бектеновтің кандидатурасын Amanat партиясы ұсынды. Президент бұл таңдауды құптады, сөйтіп депутаттардың келісімін алу үшін Бектеновтің кандидатурасын мәжілістің қарауына енгізді. Төменгі палатаның 69 депутаты қолдап дауыс берсе, жетеуі қалыс қалды.
Саясат
Қазақстан үкіметін Олжас Бектенов басқарады