АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау министрі лауазымына Ақмарал Әлназарованы тағайындады.
Бұған дейін бұл қызметте Ажар Ғиният болған еді.
Ақмарал Әлназарова 1971 жылы 16 қаңтарда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
Алматы мемлекеттік медицина институтын "Педиатр дәрігер" мамандығы бойынша және Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін экономист мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1994 жылы Қызылорда қалалық балалар ауруханасының жедел жәрдем бөлімшесінің дәрігері болып бастады.
Қызылорда облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері, Қызылорда облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Бұл қызметке тағайындалғанға дейін ол Қызылорда облысынан сенат депутаты болған.
Сондай-ақ тағы үш министр өз орнында қалды.
Алмасадам Сәтқалиев энергетика министрі, Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы министрі, Бағдат Мусин цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымына қайта тағайындалды.
6 ақпанда Антикордың бұрынғы басшысы Олжас Бектенов Әлихан Смайыловтың орнына премьер-министр болды. Бектеновтің кандидатурасын Amanat партиясы ұсынды. Президент бұл таңдауды құптады, сөйтіп депутаттардың келісімін алу үшін Бектеновтің кандидатурасын мәжілістің қарауына енгізді. Төменгі палатаның 69 депутаты қолдап дауыс берсе, жетеуі қалыс қалды.