АСТАНА, 6 ақпан – Sputnik. Қазақстанның кез келген азаматы заң бойынша 10 сотық жерді алуға құқылы. Бүгінде электронды үкімет порталында өтініш беру қызметі де бар. Алайда жеке тұрғын үй үшін жер учаскесі бірден берілмейді. Себебі оған су, жарық мен кәріз сияқты инженерлік желілер тартылуы шарт. Оған қоса, кейбір қалаларда халықтың саны тым көп. Сондықтан жер беру мүмкін болмай отыр. Бірақ заң бойынша тағы бірнеше учаске тегін алуға болады. Sputnik Қазақстан осы мәселеге қатысты Жер кодексінің негізгі нормаларын ұсынады.
Жерді үш мақсатта алуға болады
Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандықтар жерді үш мақсатта жеке меншікке тегін ала алады. Олар:
жеке тұрғын үй құрылысы үшiн - 0,10 гектар;
ауылдық жерлерде өзiндiк қосалқы шаруашылық (үй маңындағы және егiстiк телiмдердi қоса алғанда) жүргiзу үшiн - суарылмайтын жерде 0,25 гектар және суармалы жерде 0,15 гектар;
бағбандық, сондай-ақ саяжай құрылысы үшiн - 0,12 гектар.
Заң бойынша қосалқы шаруашылықты жүргiзуге арналған жерде жеке тұрғын үй мен басқа да қажетті құрылыстарды салуға болады. Бұдан бөлек, жеке тұрғын үй құрылысы үшiн және өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн жер учаскелерiн тиісті нормалар шегiнде бiртұтас алап болып беруге де болады. Оны жергілікті әкімдіктер шешеді. Ауылдық елдi мекендердiң аумағында бос жер болуы шарт.
Қосалқы шаруашылыққа жерді қалай алу керек
Қосалқы шаруашылыққа арналған жер учаскесін тек бір мақсатта ғана пайдалануға болады. Ол – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру. Ал сол жердегі тұрғын үй мен шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар сәулет және құрылыс нормалары бойынша салынады.
Осы санаттағы жер учаскесі кез келген аймақтан беріледі. Өтініш берген адамның тұратын және тіркелген жеріне қарамайды. Кезек те жоқ. Ал жеке меншікке тегін алу үшін жер учаскелері игерілуі шарт. Оған дейін уақытша өтеулі жер пайдалану, яғни жалдау құқығымен алуға болады. Жерді игерудің талаптары мен мерзімдері де белгіленеді.
Саяжайға жер алу тәртібі қандай
Заңға сәйкес, бау-бақша шаруашылығын жүргізу үшін жер учаскелері Қазақстан азаматтарына уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 1 гектардан аспайтын мөлшерде беріледі.
Өтініш электрондық лицензиялау порталы арқылы жергілікті әкімдікке жіберіледі. Құжаттар тізімі:
жер учаскесін алуға электронды өтініш (электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет);
сұрау салынған жердің сызбанұсқасы (учаскенің нақты көлемі мен конфигурациясын көрсету керек);
Өтінішті ұялы телефонмен де беруге болады. Жерді алу туралы өтініштің формасында "Бақша егу" бөлімін таңдау керек. Сосын "жерді уақытша пайдалану құқығын" деп жазған дұрыс.
Әкімдіктің жанындағы жер комиссиясы өтінішті 12 жұмыс күні ішінде қарап шығуға міндетті.
Жерді қандай жағдайда алып қоюы мүмкін
Шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған жер учаскесі пайдаланбау фактісі алғаш рет анықталған кезден бастап бір жыл бойы ешқандай өзгеріс болмаса, жер учаскесi мәжбүрлеп алып қоюға жатады.
Ал жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі дайын емес алаңдарда жерді пайдалану құқығында берілген жағдайда мұндай жер учаскесін игеру мерзімі оған инженерлік желілер тартылған кезден бастап есептеледі.
"Мақсаты бойынша пайдаланылмаған және игерілмеген жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға меншік құқығымен тиесілі жер учаскесіне олар жиырма бір жасқа толғанға дейін қолданылмайды", - делінген заңда.