"Ұшқыр бәйгені дамыту керек": мамандар шабандоздар саны күрт азайып кеткенін айтты

Қазақстанда жокейлер клубы, ипподром және сыйлық қорының жоқтығы ұшқыр бәйгені өз елімізде өткізуге қолбайлау болып тұр
Sputnik
АЛМАТЫ, 5 қаңтар – Sputnik. Қазақстанда кейінгі жылдары шабандоздар саны күрт азайған. Sputnik Қазақстан тілшісі мамандардан мұның себебін біліп қайтты.
Серік Кисамитов 30 жылдан бері ат баптап, аламанға қосып жүр. Өзі де бала кезден аттың құлағында ойнап өскен. Оның айтуынша аламанға шабатын тұлпарға шабандоз табу – проблема.
Смартфон шыққалы атқа қызығатын балалар саны тым төмендеп кеткен
"Шабандоздар барған сайын азайып жатыр. Негізі ондай балалар ауылдан шығады. Бірақ мына смартфон шыққалы атқа қызығатын балалар саны тым төмендеп кетті. Осыдан 30 жыл бұрын ондай балалар саны 100% болса, қазір олардың саны 30%-ке дейін төмендеп кетті", - дейді ат бапкері Серік Кисамитов.
Бапкердің айтуынша, қазір ата-аналар балаларын атқа отырғызғаннан қатты қорқады. Мейлі ол жасөспірім болсын, мейлі жігіт болсын, ата-ана біткен ат дегенді естісе іргесін аулақ салады.
"Ат спорт федерациясы балалардың салмағы 30 кг аспау керек деген заң шығарып жатыр. Бұрын бізде салмаққа қарамайтын. Мен бес шабандоз тәрбиеледім, олар ержетті. Қазіргі күні шабандоз бала іздеп жатырмыз. Балалар жаман жолға түспей, атадан мирас болған осы бір дәстүрді жалғаса екен дейміз", - дейді Серік Кисамитов.
Қазақстандық мықты жаттықтырушы шабандоздар бір кездері шетелге үдере көшіп кеткен. Бұны Қазақстан жокей клубының төрағасы Мақсат Ақанов айтты.
ҚР жокей клубының төрағасы Мақсат Ақанов
"Біздің елімізде ұшқыр бәйге болмағандықтан шабандоз-жокейлер кетіп қалды. Салмағы өсіп кеткен соң аттың құлағында ойнаған жігіттер керексіз болып қалады. Біздің елде ұшқыр бәйге деген жоқ, яғни әлемдік деңгейдегі классикалық бәйге болған емес. Сондай бәйгелерге қатысатын тұлпарларға жокей болу үшін қазақтың талай азаматы шетел жағалап кетті", - дейді ҚР жокей клубының төрағасы Мақсат Ақанов.
Қазақстанда жокейлер клубы, ипподром және сыйлық қорының жоқтығы ұшқыр бәйгені өз елімізде өткізуге қолбайлау болып тұр.
"Шетелге барып, қиындыққа шыдап жүрген біздің шабандоз азаматтар өте мықты. Мысалы қазақстандық мықты тұлпарларды алыс-жақын шетелдерге жібереміз. Сондайда біздің тұлпарларыды ең соңғы старт боксқа кіргізіп қояды. Бұндай тұлпарлар қанша жүйрік болса да жүлделі орынға ие бола алмайды. Біздің аттарымызды да, жокейлерімізді де көбіне кейінге ысыра береді. Тіпті тұлпарларды лазаретке қойып қоятын кездер болады. Лазарет деген тұлпарлардың ауруханасы, ол жерден жылқы вирус жұқтырып алады. Қазақстандық жокейлердің де, аттардың да мықты болуы үшін классикалық, яғни әлемдік деңгейде саналатын ұшқыр бәйгені өзімізде дамытуымыз керек", - дейді Мақсат Аханов.
Оның айтуынша елімізде шабандоздар мектебі керек.
Шабандоз дайындайтын мектеп ашу үшін 50-100 мың доллар керек
"Оған спорт залын дайындап қойдық. Бірінші шабандоздарды дайындайтын білікті маман керек, екінші арнайы материалдық база керек, арнайы құрылғы керек. Соның бірі – жасанды аттар. Шабандозды сол жасанды аттарға отырғызып, барынша дайындайды. Ол құрылғының өзі 24 мың еуро тұрады. Сондай жасанды аттан ең болмаса екеуін қойып қойсақ, талай баланы дайындауға болады", - дейді ат маманы.
Мақсат Ахановтың айтуынша, мұндай мектепті ашу үшін ары кетсе 50-100 мың доллар керек. Егер мектеп ашылса бір уақытта 20-30 жігітті тәрбиелеуге болады.
"Ұлттық спорттың шығарған ережесі бойынша шабандоздардың салмағы 30-35 кг болу керек. Ал ұшқыр бәйгеде жокейдің салмағы 56 кг төмен болмау керек, 58 кг салмақта да жокей бола алатындар бар. Бірақ ол аттың рейтингіне байланысты", - дейді ҚР жокей клубының төрағасы.