АЛМАТЫ, 5 ақпан - Sputnik. Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы ірі көлемде ақша жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарыс іс-қимыл агенттігі.
Ол қаланың сейсмикалық қауіпсіздігіне бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр. Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушыға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
"Лауазымды тұлға қаланың 216 тұрғын үйінің сейсмикалық тұрақтылығын технологиялық тексеруге бөлінген аса ірі мөлшерде қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Ол алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен қаражатты жымқырған. Келітірлген шығынның сомасы шамамен – 120 млн теңге", - дейді ведомство.
Күдіктінің анасына рәсімделген Түркістан облысының Қазығұрт ауылындағы монша кешенін салу арқылы жымқырылған қаражатты заңдастыру туралы нұсқасы тексеріледі, дейді антикор.
Қазіргі уақытта күдікті Шымкенттегі уақытша ұстау изоляторында қамауда отыр. Түргеу жүріп жатыр.