АСТАНА, 5 ақпан – Sputnik. 2024 жылы Қазақстанда инженерлік желілерді жөндеуге 450 миллиард теңгеден астам инвестиция бөлінеді, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.
Мысалы, 2023 жылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға 500 миллиард теңге, оның ішінде бюджеттен 327 миллиард теңге бөлінді. Соның нәтижесінде бірқатар ірі жылу көздері мен 5,8 мың шақырым инженерлік желі жөнделді.
Биыл бұл мақсаттарға 450 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.
Жалпы, 2029 жылға дейін жүргізіліп жатқан тарифтік реформаның арқасында 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға және тозуды 20 пайызға азайтуға 3 триллион теңгеге жуық инвестиция тарту жоспарланып отыр. Осылайша, бұл коммуналдық инфрақұрылымды стандартты жағдайға келтіруге мүмкіндік береді.