Экология министрлігінің бірқатар қызметкеріне қатысты тергеу жүріп жатыр — Антикор

Sputnik
АЛМАТЫ, 5 ақпан – Sputnik. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.

"Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет экология және табиғи ресурстар министрлігінің қызметкерлеріне және басқа да адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатқанын растаймыз", - деп хабарлады ведомиство.

Еске сала кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде экология министрлігінің Дубайда өткен көрмеге қатысуы кезінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, лауазымды тұлғалар ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді.
Аталған жағдайға байланысты экология және табиғи ресурстар министрлігі түсініктеме берді.
"Министрлік БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясын өткізуге арналған шығыстарға қатысты өткізілген (COP-28) ішкі аудит нәтижелері бойынша ақпараттар министрлік басшылығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жіберілді", - делінген министрлік хабарламасында.
Экология министрлігі мәлім еткендей, осыған байланысты 5 ақпанда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің жедел-тергеу тобы экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаевтың қызметтік үй-жайынан құжаттар алған.
Қазіргі уақытта вице-министр жұмыс орнында жоқ.