АСТАНА, 5 ақпан– Sputnik. Мейіржан Юсупов мемлекет басшысына "Қазатомөнеркәсіптің" былтырғы атқарған жұмыстарының нәтижесі туралы есеп берді, деп хабарлайды Ақорда.
Ол компанияның қысқа мерзімді және орта мерзімді перспективаға арналған мақсаттары мен жоспарларын таныстырды. Оның айтуынша:
өткен жылдың қорытындысы бойынша уран өнімдерін өндіру көлемі 21 мың тоннадан, ал сату көрсеткіші 18 мың тоннадан асқан;
2023 жылы Транскаспий халықаралық көлік бағдары арқылы тасымалданған уран өнімдерінің үлесі айтарлықтай артқан. Қазақстаннан батыс елдеріне жөнелтілген уранның 64 пайызы осы транзит дәлізі арқылы тасымалданған.
Юсупов сондай-ақ "Қазатомөнеркәсіп" компаниялар тобы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобалар, сондай-ақ өндіріс орындары орналасқан өңірлерді дамытуға және қолдауға бағытталған әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы мәлімет берді. Минералдық-шикізаттық базаны кеңейту және толықтыру жұмыстары жайында айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазатомөнеркәсіп" жұмысының тиімділігін арттыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.