Ұйғыр ауданында тұрғындар екі жылдан бері ауыз суға қосыла алмай келеді

Қалжат ауылын ауыз сумен қамтуға 230 млн теңгедей бөлінген, қаражат толық игерілген. Алайда қазылған шұңқыр да, тартылған құбыр да сол күйі қалған
Sputnik
АЛМАТЫ, 2 ақпан – Sputnik. Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылының тұрғындары екі жылдан бері ауыз суға қосыла алмай келеді. Ауылға арнайы барған Sputnik Қазақстан тілшісі мән-жайды біліп қайтты.
Қалжатта 2300 адам тұрады. Оның 70%-і 1976 жылы тартылған 9 колонкадан су ішеді. Ал 25%-і ұңғымадан су алады, қалған 5 проценті бұлақтың суын ішіп отыр.
"Қалжат ауылының халқын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша 2021 жылдың ІІІ тоқсанында "Дәнекер" мердігерлік компания жұмысын бастаған. Ауылдың ішкі көшелерінде қазу жұмыстары 2021 жылдың тамыз айынан бастап желтоқсан айына дейін жүргізілген. 37 шаршы шақырым жер қазылып, су келетін шлангтартылды, 2000 шақырым жерге абоненттік шланг, 20 дана құбыр тартылды", - дейді Қалжат ауылының әкімі Әлімжан Зайытов.
Бұл жұмыстарға 2021 жылы 230 млн теңгедей бөлінген, жыл соңына дейін қаражат толық игерілген. 10-11 адам жұмыс істеген. Алайда қазылған шұңқыр да, тартылған құбыр да сол күйі қалған.
"Былтыр қыркүйек айында толығымен жұмысы тоқтады. 2023 жылы тамыз айында "Дәнекер" мердігерлік компаниясының атқарған жұмыстары қанағаттанарлықсыз болғандықтан келісім шарт аудан әкімінің келісімімен тоқтатылды", - дейді Әлімжан Зайытов.
Аудан әкімдігінің айтуынша, жұмыс әу баста басталғанда-ақ сапасы нашар болған.
"Мердігердің жұмысына ауыл тұрғындары бірден қарсы болды. Құбырды қажетті тереңдікте орналастырған жоқ. Жобада көрсетілген жұмыстарды дұрыс жасаған жоқ. Партия атынан да, одан бөлек барып та комиссия тексерді. Көптеген кемшілік болды. Жұмыс сапалы жасалмағандықтан аудан әкімі тоқтатып тастады", - дейді Ұйғыр ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.