Қызылорда облысында ақша бопсалаған адвокат сотталды

Адвокат 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап еткен
Sputnik
АЛМАТЫ, 2 ақпан – Sputnik. Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында облыстық адвокаттар алқасының адвокаты сотталды, деп хабарлайды облыстық прокуратуора.
Қылмыстық істі Жаңақорған аудандық соты қараған.
Адвокатқа Қылмыстық кодекстің 194-бабы 3-бөлігі 2)-тармағы “Ірi мөлшерде мүлiк алу мақсатында қорқытып алушылық” бойынша айып тағылды. Сотталушы бірнеше рет ірi мөлшерде бөтеннің мүлкін мәжбүрлі түрде талап еткен. Талабы орындалмаған жағдайда жәбiрленушiлердің немесе олардың жақындарының мүдделерiне елеулі зиян келтiруi мүмкiн өзге де мәлiметтердi тарататынын айтқан.
“Адвокат 13 мектептің және аудандық білім бөлімінің бас есепшілерінен 6 млн 900 мың теңге талап етіп, бермеген жағдайда облыстық ішкі мемлекеттік аудит департаментіне арызданатындығын, одан әрі қылмыстық іс қозғалатындығын, салдарынан ауданның абыройы түсетіндігін алға айтқан”, - дейді ведомство.
Сотталғанның кінәсі толық дәлелденген. Ол апелляциялық сотқа шағымданған. Алайда үкім өзгеріссіз, шағым қанағаттандырусыз қалдырылған. Адвокат сот үкімімен 5 жылға бас бостандығынан айырылды.