Бішкек ЖЭО-дағы жарылысқа қазақстандық көмір себеп болуы мүмкін – Садыр Жапаров

Жылу электр орталығына басқа жоғары калориялы көмір жеткізілгенін жұмысшылар ескермеген болуы мүмкін
Sputnik
АСТАНА, 2 ақпан – Sputnik. Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Бішкек ЖЭО-дағы жарылысқа не себеп болуы мүмкін екені туралы болжам айтты, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
"Бұрын Бішкек ЖЭО-да Қара-Кече кен орнының көмірін жағатын, ол шикі және оның калориясы 3800 ккал/кг. Былтыр Шұбаркөл көмірін пайдалануды ұйғардық. Оның калориясы 5500 ккал/кг. Мен сарапшы емеспін, бірақ жұмысшылар оның жоғары калориялы көмір екенін ескермей, оны Қара-Кече көмірі секілді жаққан. Соның нәтижесінде температураның көтерілуінен жарылыс болды деп ойлаймын", - деді қырғыз президенті "Кабару" агенттігіне берген сұхбатында.
Сонымен бірге президент биыл қалада Шұбаркөл көмірін пайдаланудың арқасында түтін азайғанын айтты.
Еске салсақ, 2 ақпан күні сағат 03.00-де жылу электр орталығында апат болып, қондырғылар істен шыққан. Бішкектегі апаттық және коммуналдық қызметтер 2-3 күн ішінде жылу беруді қалпына келтіруді жоспарлап отыр. Апат салдарын толығымен жойып, энергетикалық нысанды іске қосу 5-7 күн ішінде орындалуы керек. Апат салдарынан 3 қызметкер зардап шегіп, олар ауруханада жатыр.
"Тұрғындар үздіксіз электр жарығымен қамтамасыз етілуде. Алайда жылу-электр орталығы мен жылу желілерінің жұмысын қамтамасыз ету мақсатында ыстық су беру тоқтатылды", - деп жазылған хабарламада.
Бішкек жылу электр орталығындағы апаттың салдарын жою үшін жедел штаб құрылды, деді төтенше жағдайлар министрі Бообек Әжікеев. Министр ЖЭО-дағы апатқа қатысты бірлескен баспасөз мәслихатында тексеріліп жатқан нұсқалардың қатарында диверсия да бар екенін айтты.