АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Алматыда 1-2 ақпанда Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтеді. Осыған орай Алматы полиция департаменті 1-2 ақпан күндері кейбір көшелердегі көлік қозғалысына шектеу енгізеді, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Алматы қаласында 1-2 ақпанда Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей үкімет басшыларының және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы төрағасының қатысуымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы өтеді. Оңтүстік мегаполис – жыл сайынғы Digital Almaty форумын өткізетін орын.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің халықаралық форматы мен "Digital Almaty 2024: Индустрия X" форумына саяси және қоғам қайраткерлерінің, түрлі елдердегі сарапшылық топтардың жетекші өкілдері және IT бизнес көшбасшылары қатысады.
"Осыған орай, шараның ауқымы мен күтілетін қонақтардың санын ескере отырып, Алматы полиция департаменті 1-2 ақпанда көлік қозғалысына ішінара шектеу қояды. 1 ақпанда Әл-Фараби даңғылы, шығыс айналма автожолы, Құлжа тас жолы, Саин, Шаляпин, Майлин, Бұқтырма көшелерінің аймағындашектеулер болуы мүмкін. Ал 2 ақпанда Әл-Фараби, Сейфуллин даңғылдары, Саин, Жароков, Шаляпин көшелерінде көлік қозғалысына өзгерістер енгізіледі", - дейді ведомство.
Алайда қоғамдық көліктер кестелік режимде жүре береді, өзгеріс болмайды.