АЛМАТЫ, 1 ақпан – Sputnik. Батыс Қазақстанда ауыл тұрғындары бюджет ақшасына алынған малды сатып жіберген, деп жазды "Мой город" порталы.
Шыңғырлау ауданының прокурорлары 2021-2023 жылдары субсидия алған 47 шаруа қожалығында талдау жүргізген. Нәтижесінде мемлекетке 20,9 миллион теңге көлемінде залал келгені анықталған.
"Ақша бастапқыда асыл тұқымды қой мен ірі қара мал сатып алуға бөлінген. 11 шаруашылық бойынша қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. Олар бюджеттік ақшаға сатып алынған жануарларды сатып жіберген. Шаруа қожалықтары аналық мал басын сақтау керек деген ережені бұзды. Олар асыл тұқымды шаруашылықты дамытқысы келетіндерін айтып, барлық құжаттаманы ұсынып, мемлекеттен ақша алған. Бірақ кейінірек аналық малдарды сатқан", – деді Шыңғырлау ауданының прокуроры Серік Ұрынғалиев.
Қазіргі күні кәсіпкерлер өз еркімен бюджетке 2,2 миллион теңгеден астам қаражатты қайтарды. Сот қалған шаруа қожалықтарын да қаражатты қайтаруға міндеттеді.